Реклама
Реклама

Шаңғымен секірушіміз әлем чемпионатында үздік ондыққа енді

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 09:30

2-8 наурыз аралығында Норвегияның Лиллехаммер қаласында шаңғы спорт түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Турнир аясында трамплиннен шаңғымен секіру жарыстары да басталды. Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені 263 ұпай жинап, жарысты алтыншы орынмен аяқтаған Илья Мизерных көрсетті.

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Аталған сайыс түрінен алтын медальді австриялық Штефан Эмбахер иеленсе, күміс поляк спортшысы Кацпер Томасякқа бұйырды. Үздік үштікті америкалық Джейсон Колби түйіндеді. Қазақстандық спортшылар арасында Артем Мешков 22-орынға тұрақтады. Ал Даниил Калинкин алғашқы секіру нәтижесі бойынша  финалдық кезеңге өте алмады.

Илья Мизерныхтың нәтижесі  Қазақстан құрамасының осы әлем чемпионатындағы трамплиннен секіру жарыстарындағы ең үздік көрсеткіші. Отандық спортшы 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өткен қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында қалыпты трамплинде жеке жарыста 214 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды.

Ал биылғы Милан-Кортинада өткен үлкен трамплиндегі финалда 281,6 ұпаймен сегізінші орынды иеленді. Айта кетейік, бұған дейін 19 жасар спортшы Австрияда өткен Әлем кубогының кезеңінде де ерекше нәтижемен көзге түскен болатын. Илья Кульм трамплинінде 219 метрге секіріп, ел тарихындағы ең ұзақ шаңғы ұшуын тіркеді.

Қазақстан құрамасында чемпионатта ел атынан бақ сынайтын Дэвид Гааль, Артем Мешков, Даниил Калинкин, Виктория Рулева, Анастасия Горунова, Алиса Седова, Алена Свириденко сынды спортшылар бар.

Реклама
Реклама