Жарнама
Жарнама
Қазақстан Азиада додасының төртінші күнінде жеті медаль жеңіп алды
Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан Азиада додасының төртінші күнінде жеті медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында Азия ойындарының төртінші жарыс күнінде жеті жүлде еншіледі.

Кристина Морозова алғашқы жүлдені әкелді

Күннің алғашқы медалін жеңіл атлет Кристина Морозова жеңіп алды. Ол жартылай марафон қашықтығындағы спорттық жүрісте 1:35:25 уақыт көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Алтын медаль қытайлық Ян Люцзинге бұйырды. Ол мәреге 1:33:40 нәтижесімен жетті. Қазақстандық тағы бір спортшы Элмира Қалимуллина 1:43:21 уақыт көрсеткішімен алтыншы орыннан көрінді.

Стенд атудан күміс пен қола

Қазақстанның әйелдер құрамасы стенд атудың скит дисциплинасында да жүлдеге ілікті. Әсем Орынбай, Зоя Пискун және Әдел Садақбаева командалық есепте 336 ұпай жинап, күміс медаль иеленді.

Бұл сында Қытай құрамасы 357 ұпаймен топ жарса, Үндістан 331 ұпаймен қола жүлде місе тұтты. 

Кейін Әсем Орынбай жекелей сында да үздік үштіктен көрініп, финалда 28 нысананы дәл көздеп, қола медаль жеңіп алды.

Алексей Луценко алтыншы рет Азиада чемпионы атанды

Төртінші жарыс күніндегі басты жетістіктің бірі ерлер арасындағы тасжол велоспортының топтық жарысында тіркелді. Алексей Луценко мәреге 4:13:11 нәтижесімен бірінші болып келіп, Азия ойындарындағы алтын медаль санын алтыға жеткізді.

Қазақстандық тағы бір велошабандоз Евгений Фёдоров Луценкодан 1 минут 58 секунд кейін қалып, күміс жүлдеге ие болды. Ал Николя Винокуров жетінші орынға тұрақтады.

Саркисян мен Аблағатов қола жүлде алды

Семсерлесуден Артём Саркисян сабля сайысында Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ол ширек финалда Париж Олимпиадасының чемпионы До Гёндонды 15:14 есебімен жеңді. Бірақ жартылай финалда үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укке 9:15 есебімен жол берді.

Ушу-саньдада Әлижан Абылағатов 70 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды. Ол ирандық Эрфан Мохаррамиге ұпай санымен есе жіберді.

Абдурашид Абдуллаев финалға шықты

Ушу-саньдадан тағы бір қазақстандық Абдурашид Абдуллаев 75 келіге дейінгі салмақта финалға жолдама алды. Ол Қытай Тайбэйінің өкілі Хуан Жанды техникалық нокаутпен жеңді.

Алтын медаль үшін өтетін шешуші жекпе-жекте Абдуллаев ирандық Сохейл Мусавимен кездеседі.

Сабыржан Аққалықов жарыстан шығып қалды

Бокстан Қазақстан құрамасы үшін күтпеген нәтиже тіркелді. 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сабыржан Аққалықов 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сонға төрешілердің бөлек шешімімен 2:3 есебінде есе жіберді.

Осылайша қазақстандық боксшы медаль үшін күресті ерте аяқтады.

Баскетболшылар плей-оффқа жолдама алды

Әйелдер арасындағы 3×3 баскетбол бәсекесінде Қазақстан құрамасы Катарды 17:8 есебімен жеңді. Нәтижесінде ұлттық команда А тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне өтті.

Жүзушілер мен гимнасшылар жүлдеге бір қадам жетпей қалды

Жүзуден Қазақстанның аралас эстафеталық құрамасы 4×100 метр қашықтықта төртінші орын алды.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасы да командалық есепті төртінші орында аяқтады.

Төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 19 медаль бар:

  • 7 алтын;
  • 4 күміс;
  • 8 қола.

Осы көрсеткішпен Қазақстан Азиада-2026 жалпы медальдық есебінде төртінші орында тұр.

Жарнама
Жарнама