Қазақстанның шахматшы қыздары Олимпиадада күміс медаль жеңіп алды

Редактор Penalty.kz
22.09.2024, 21:42

Алтын медальды Үндістан құрамасы иеленді.

Қазақстан шахмат федерациясы

Венгрияның Будапешт қаласында шахматтан ерлер және әйелдер арасындағы 45-ші Олимпиада ойындары аяқталды.

Бұл жолы Қазақстанның әйелдер құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Соңғы турға дейін отандастарымыз әйелдер командалары арасында берілетін Вера Менчик кубогын жеңіп алуға үміткер болды. Алайда Үндістан құрамасынан бір ғана ұпайға қалып, күміс медальді еншіледі.

Соңғы турда Қазақстан құрамасы АҚШ командасымен тең ойнап, жалпы есепте 11 турдан 18 ұпай жинады. Осылайша, еліміздің шахматшы қыздары екінші орынға тұрақтады. Алтын медаль 19 ұпай жинаған Үндістан құрамасына бұйырды.

Еске сала кетейік, 2022 жылы Үндістанда өткен Олимпиадада Қазақстанның әйелдер құрамасы 5-орынды иеленген болатын.

Қазақстан атынан Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және Амина Қайырбекова сынды жас шахматшылар өнер көрсетті.