Елордада басталған жарыстың алғашқы күнінде спортшылар 1500 метр қашықтыққа сайысқа түсті.
Шорт-тректен Қазақстан біріншілігінің бірінші күні аяқталды. Елордада басталған жарыстың алғашқы күнінде спортшылар 1500 метр қашықтыққа сайысқа түсті. Нәтижесінде ел үздіктері анықталды.
Атап айтар болсақ, әйелдер арасында аталған қашықтықта Ақмола облысының намысын қорғаған Ольга Тихонова топ жарды. Астаналық Малика Ермек екінші болса, батысқазақстан өкілі Алина Ажғалиева үздік үштікті түйіндеді.
Ал ерлер арасында 1500 метр қашықтықта жергілікті спортшы Әділ Ғалиахметовтың асығы алшысынан түсті. Күміс жүлде ақмолалық Денис Никишаға бұйырса, қостанайлық Глеб Ивченко қолаға қол созды.
Ал бүгін шорт-трекшілер 500 метр қашықтықта кім мықтыны анықтайды.
Айта кетейік Қазақстан чемпионатында елдің 10 облысынан келген 117 спортшы бақ сынап жатыр. Жаттықтырушылар штабы осы чемпионаттың қорытындысы бойынша қысқы маусымға екі құрама жасақтауды жоспарлап отыр.
Биыл ұлттық құрама World Tour сериясының жарыстарында, сонымен қатар, 4 құрлық чемпионаты, дүниежүзілік Универсиада, қысқы Азия ойындары және әлем чемпионаты секілді маңызды додаларға қатысады.