Ішкі біріншілікке еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысты.
Алматы облысында таеквондоның олимпиадалық бағытынан ересектер мен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ішкі біріншілікке еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Олар 16 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қазылары төрелік еткен жарыста 63 келіде өнер көрсеткен Самирхон Абабакиров қарсылас шыдатпады. Ол финалда Нұрбек Ғазезден басым түсті.
Дәл осылай, Бегзод Қадірқұлов, Дамир Шуленов, Бауыржан Хасенов, Нұрлан Мырзабаев, Тамирлан Тілеулес, Бекасыл Ергеш және Батырхан Төлеуғали өз салмақ дәрежелерінде ел чемпионы атанды.
Ал әйелдер арасында 53 келіде Азиза Қаражанова, 57 келіде Мария Севостьянова және 73 келіден жоғары салмақта Меруерт Тікебаева жеңімпаз болды. Бұған қоса, Айдана Құмартаева, Айша Әділбекқызы, Назым Махмұтова, Нодира Ахмедова және Нұрай Құсайынова да өз салмақтарында алтын жүлдеге қол созды.
Енді аталған жеңімпаздар алдымыздағы жылы өтетін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.