Шымкенттік клубтың президенті Асхат Сейсембек Оңтүстік Америкаға аттанды.
Асхат Сейсембек өзінің көмекшісімен бірге Бразилиядағы бірнеше матчты тамашалайды. Бұл жөнінде Meta-ratings.kz порталы хабарлайды.
"Негізгі мақсат жаңа маусым алында жаңа ойыншыларды іздеп, келісімдер жүргізу. Сол жақтағы клуб өкілдерімен және агенттерімен кездесіп, әріптестік орнату" - делінген.
Айта кетейік, күні кеше шымкенттік "Ордабасы" футбол маусымының аяқталғанына қарамастан қалалық әкімдіктен қосымша 900 млн тг алғаны және оны жыл соңына дейін игеретіні туралы ақпарат тарады.
Ал, бұған дейін, яғни, жыл басынан бері бұл клубқа қалалық бюджеттен 5,3 млрд тг бөлінген. Бірақ, аталған ауқымды қаржы қайда және қалай жұмсалғаны туралы ресми түсіндірме берілген жоқ.
Бұл жөнінде журналист Аслан Қаженов өзінің фейсбук парақшасында былайша пікір білдірген:
"Футболшыларды ауылдан іздеудің орнына, мұхиттың арғы жағына аттаныпты. Бұларға Президенттің тапсырмасы, Парламенттің заң жобасы және Үкіметтің бұйрықтары еш әсер етпей ме? Не деген сорлы елміз?!"