Алматы облысындағы Қарасай ауданында ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасында өңірлік чемпионат мәреге жетті.
Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған бұл жарысқа 2005-2007 жылдар аралығында дүниеге келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Олар көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу бойынша күш сынасты.
7 команда арасында өткен көкпар ойынында Қарасай ауданының көкпаршылары чемпион атанды. Бұл құрама ақтық кездесуде Райымбек ауданының көкпаршыларынан басым түсті.
Аударыспақта Райымбек ауданының Қайрат Абдусабыр, Сәрсенбай Сұлтанбек, Алмас Төкенұлы, Әділет Обылжан сияқты білекті де, тақымы тастай мықты жігіттері өз салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеді.
Жамбы ату бойынша Кеген ауданының түлегі Мадияр Шәріпбай, теңге ілуде Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Нұрәлі Ерсін өңір чемпионы атанды.
“Бұл дегеніміз - келесі жылғы ҚР чемпионатында өнер көрсететін құрама команданы, сол бойынша жастарды іріктеп аламыз. Алматы облысының ұлттық спортқа деген көзқарасы жақсы. Дамуы жағынан үздік үштікте жүр деп айта аламыз”, дейді өңірлік ұлттық ат спортын және спортты дамыту дирекциясының директоры Елдос Тілеубалдиев.
Жалпыкомандалық есепте Райымбек ауданының өрендері бірінші орынға, ал Кеген ауданының жастары екінші орынға ие болды. Үшінші орын Ұйғыр ауданының түлектеріне бұйырды.