Париждегі Монета сарайы 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының медальдарын ауыстыру процесін бастады.
“Бұл процесс спортшылардың өтініші бойынша жүзеге асуда. Біз 2024 жылдың тамыз айынан бері медальдарды ауыстыруды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасадық”, — делінген Монета сарайының ресми мәлімдемесінде.
Қаңтар айында Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) сапасыз жасалған медальдардың алмастырылатынын жариялаған еді.
Бұған дейін 2024 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетіне спортшылар 100-ден астам медальді қайтарғаны белгілі болды.
Атлеттер әлеуметтік желілерде қола медальдардың сапасына шағымданып, олардың сырты тез кетіп жатқанын көрсететін фотосуреттер жариялады. Бұл шағымдар Париждегі Монета сарайының үш қызметкерін жұмыстан босатуға әкелді. "Матч ТВ" хабарлауынша, Монета сарайы медальдарға жағылған жабында техникалық ақау болғанын ресми түрде мойындады.