Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Сенат тиісті заңды мақұлдады.
Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жазады.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, заң дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік реформаның 2-кезеңін іске асыру шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату мақсатында әзірленген.
Заңмен 2 Кодекске, 5 заңға келесі жаңалықтарды қамтитын түзетулер енгізіліп отыр:
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу;
"Сондай-ақ спорттық іс-шараларға және халықаралық спорттық жарыстарға жіберу кезінде бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның шығындарын өтеу жөніндегі заңнамалық талап белгіленді.
Бұдан басқа, спорттық медицинаны дамытуға бағытталған нормалар көзделген.
Спортшылардың мамандандырылған медициналық көмегін қамтамасыз ету, сондай-ақ спорттық медицина және оңалту саласында заманауи технологияларды енгізу мақсатында ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымын мемлекеттік кәсіпорын нысанында құру ұсынылады.
Заңмен спортшылар мен жаттықтырушыларға Мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілді", - дейді Әсем Рахметова.
Сенатор бұл Қазақстан азаматы болып табылатын және еліміз аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшыларға қатысты екенін нақтылады.
"Қазақстан азаматы болып табылатын және еліміз аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар материалдық қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, заң нормаларымен әкімшілік реформаның 2-кезеңі аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттерді ажыратуға қатысты түзетулер көзделген", - деп түсіндірді сенатор Әсем Рахметова.