Қазақстанда шетелдік спортшылардың (легионерлердің) мемлекет қаражатынан қаржыландырылуына тыйым салынбақ. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сенат кулуарында мәлімдеді. Заң жобасы қабылданған жағдайда премьер-лигадағы командалар шетелден келген футболшыларға енді бюджет есебінен жалақы төлей алмайды.
Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-лигасында 325 футболшы өнер көрсеткен, оның 149-ы — Қазақстан азаматы емес. Яғни, шетелдік ойыншылар лиганың 45-50%-ын құрайды.
"Аталған заң жобасында легионерлерді мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландыруға тыйым енгізіледі. Яғни, заң күшіне енген соң, легионерлерге мемлекет қаржысы жұмсалмайды. Клубтар бұл жағдайға бейімделіп, қаржыландырудың жаңа – демеушілік не жеке көздерін табуы қажет", – деді вице-министр.
Журналистер легионерлердің қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты нақты сұрақ қойды. Жарасбаевтың айтуынша, қолданыстағы келісімшарттар заңды күшін сақтайды, алайда жаңасын жасауға болмайды:
"Қазір әрекет етіп тұрған келісімшарттар мерзімі аяқталғанға дейін күшінде қалады. Себебі заңның кері күші болмайды. Бірақ біз бұл нормаларды 2024 жылдың ортасынан бастап талқылап келеміз, сондықтан клубтар 2025 жылдан бастап жаңа келісімшарттар жасамауы тиіс екенін алдын ала білетін", – деп нақтылады ол.