Футзалдан Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін "Ақтөбе" клубының бас бапкері Виктор Тарчило командадан кететін болды. Бұған оның ойын алдындағы тәртіпсіз әрекеті себеп болды.
"Қайратпен" өткен 32-тур ойынында "Ақтөбе" 0:5 есебімен ұтылды. Осы кездесудің қарсаңында клуб 60 жасқа толған беларусьтік маманға арнайы футболка тарту етіп, мерейтойын атап өткен болатын. Бірақ ойыннан кейін Тарчило команда ойыншылары Альберт Ақбалықов пен Қайрат Иманалинмен бірге қаланың бір барында көңіл көтеріп жүрген сәтте байқалған.
Бұл әрекет клуб басшылығының ашуын туғызды. Олар мұны кәсіби емес қылық деп бағалап, Тарчилоны қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ал ойыншылар команда сапында қалмақ.
Клуб тарапынан ресми хабарлама алдағы сағаттарда жариялануы мүмкін. Осылайша Тарчило екінші мәрте "Ақтөбе" клубымен қош айтысқалы отыр.
Виктор Тарчило алғаш рет "Ақтөбе" футзал клубын 2020 жылы басқарған. Бір жылдан кейін клубтан кеткенімен, 2022 жылдың тамызында қайта оралды. Қазақстанға дейін ол Беларусьтің "Витэн", "Лидсельмаш" және Чехияның "Сварог" клубтарын жаттықтырған.
Қазір "Ақтөбе" футзал чемпионатында 44 ұпаймен бесінші орында тұр.