Қазақстандық дзюдошы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова әлеуметтік желіде өзін сынағандарға ашық түрде жауап берді.
«Егер біреулерге шынымен көлік керек болса — мархабат, мен сол жазып жүрген адамдарға берейін! Дохада мен қола жүлде үшін күресте жеңілдім, сол кезде иығымнан жарақат алдым. Бұл мені қатты күйзелтті — бұрын-соңды мұндай ауыр жеңілісті бастан кешірмеген едім. Сол Дохадағы турнир мен Олимпиада әлі күнге дейін түсіме кіреді», — деп жазды спортшы өз Instagram парақшасында.
Әбиба Париж-2024 Олимпиадасында бесінші орын алып, медальдан тыс қалды. Алайда Будапешттегі 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп, тарихта алғаш рет қазақстандық дзюдошы әйел мұндай жетістікке жетті.
Айта кетейік, өткен айда Әбиба Әбужақынова Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде 48 келіге дейінгі салмақта әлемдік көшбасшы атанды.