Ауыр атлет жары Нұрлан Қарабалинмен алты жастағы Руслан есімді ұл баланы тәрбиелеп отыр.
Ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедова екінші сәбиін өмірге әкелді. Бұл туралы спортшы көпшіліктен сүйінші сұрап, отбасында қуаншы жаңалық болғанын жеткізді.
«Менің отбасым тағы бір жақсы адамға көбейді», - деп жазды ауыр атлет.
Светлана Подобедова жары Нұрлан Қарабалинмен алты жастағы Руслан есімді ұл баланы тәрбиелеп отыр. Оның күйеуі аралас жекпе-жектен Астана қаласында бапкер болып қызмет атқарады. Қорғалжын ауданына келін болып түскен ауыр атлет спорттағы мансабын аяқтағалы бері қыз-келіншектерді жаттықтыратын фитнес-бапкер қызметін қолға алған.
Әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген спортшының декреттік демалыста жүргенін жанкүйерлері сезбей қалғанын айтуда. Оның шаңырағындағы қуанышты жаңалықтан соң көпшілік оған игі тілегін арнап, сәбиінің дені сау азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.
2016 жылы допинг бойынша айыпталған Светлана Подобедованың Лондон Олимпиадасында көрсеткен үздік нәтижесі ХОК тарапынан жоққа шығарылған болатын. Ол шарт бойынша Олимпиада алтынын қайтарып беруі тиіс болған. Алайда Светлана медальін жоғалтып алғанын айтып, ХОК-қа жүлдесін кері қайтарып бермеді. Сондай-ақ, ол әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, бір мәрте күміс жүлдегері. 2009 жылы Азия чемпионы атанған. Ал 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында топ жарды.