Реклама
Реклама

Шерхан Қалмырза өз есімінің сырын айтты

Сарапшы, спорт журналисі
14.01.2026, 18:18

"Қайрат" қақпашысы әрі Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Шерхан Қалмырза өз есімінің шығу тарихын түсіндірді. 

instagram/@kallmurza

Жанкүйер сұрағы және күтпеген жауап

Клуб парақшасындағы жазбалардың бірінде жанкүйерлердің бірі жас қақпашыдан: "Есіміңізді кім қойды, қайдан шыққан?" деп сұраған. Шерхан бұл сұраққа ашық жауап беріп, оның есімі белгілі тұлғаның құрметіне қойылғанын жеткізді.

Қалмырзаның айтуынша, бұл идеяны алғаш болып әпкесі ұсынған.

"Әпкем Шерхан Мұртазаға ұқсатып, сол кісінің құрметіне Шерхан деп қояйық деді. Ата-анам келісіп, есімімді Шерхан қойды", – деді қақпашы.

Еске салайық, Шерхан Мұртаза – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері. Ол 1932 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, 2018 жылы Алматыда өмірден өтті. Таразда жазушыға арналған ескерткіш орнатылған.

Шерхан Қалмырза – әлеуметтік желіде ең танымал қазақстандық футболшы

Айта кетейік, 18 жастағы "Қайрат"қақпашысы негізгі құрамда Чемпиондар лигасында екі матч өткізіп, Қазақстан футболшылары арасында әлеуметтік желіде аудиториясы ең көп ойыншыға айналды. Қазір оған 326 мың адам жазылған.

Шерхан алғашқы турда "Спортингке" қарсы ойында пенальтиді қайтарып, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Бұдан кейін Алматыда мадридтік "Реалға" қарсы кездесуде де сенімді қақпашылық танытты. Сол матчтан кейін жас қақпашының ойынына Тибо Куртуа тарапынан да жылы пікір айтылған. 

Реклама
Реклама