33 жастағы фитнес-жаттықтырушы психотроптық заттарды заңсыз сақтап, таратты деген күдікпен қолға түсті.
Qazaqstan Media жазғандай, күдікті ер адам Петропавлдағы көпбейінді қалалық аурухананың жанында тыйым салынған затты жасырып кетпек болған сәтте анықталған. Тінту барысында оның жанынан аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат — α-PvP (альфа-PVP) деп аталатын синтетикалық психотроптық зат. Жалпы салмағы шамамен 25 грамм болған.
Полиция мәліметінше, күдікті былтыр қараша айынан бері есірткі таратумен айналысқан болуы мүмкін.
Ер адамның тұрақты табысы болған, фитнес-тренер ретінде жұмыс істеген. Алайда "жеңіл ақша" іздеп, "закладка" арқылы қосымша табыс табуға тырысқан.
Күдіктіге аса ірі көлемде психотроптық заттардың заңсыз айналымы бабы бойынша іс қозғалған. Егер кінәсі дәлелденсе, оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі бар.