Жуырда екі аңыз боксшының архивтік бейнежазбалары арқылы талдау жасалған болатын.
Боксты талдайтын INEVITABLE/DBLOCK аккаунты (X әлеуметтік желісі) Геннадий Головкин мен Флойд Мэйвезер кездессе, кімнің жеңіске жететінін болжады.
Блог авторы Головкиннің 2013 жылы Кёртис Стивенске қарсы өткізген жекпе-жегінің архивтік видеосына талдау жасаған. Сол кездесуде қазақстандық боксшы қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген еді.
INEVITABLE/DBLOCK пікірінше, дәл сол жекпе-жек кезіндегі қорғаныстан шебер шығу, қысым жасау және денеге бағытталған ауыр соққылар Мэйвезерге қарсы басты артықшылық болар еді.
"Енді Флойдтың неге GGG-мен ешқашан жұдырықтасқысы келмегенін түсіндім. Ол Мэйвезерді жеңіп қана қоймай, оны зейнетке ерте кетуге мәжбүр етер еді", — деп жазды блог авторы.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Флойд Мэйвезер арасындағы жекпе-жек ешқашан ресми түрде талқыланған емес, себебі боксшылар әртүрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Соған қарамастан, Головкин мұндай жекпе-жек үшін бірінші орта салмаққа (super welterweight) түсуге дайын болған. Бұл туралы оның промоутері Том Лёффлер әрі бұрынғы бас бапкері Абель Санчес бірнеше рет мәлімдеген.