Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановқа қатысты соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған жанжалдың неден шыққанын айтты.
Серік Сәпиев Instagram парақшасында жағдайға қатысты өз ұстанымын ашық білдірді. Оның айтуынша, болған оқиға тұрмыстық немесе жеке дау деңгейіндегі мәселе емес.
Сәпиевтің сөзінше, өңірде "бейресми ықпалы бар" белгілі бір тұлғалардың тарапынан қарсы әрекеттер байқалған. Сондай-ақ ол өзінің хабарынсыз Қарағанды облысындағы спорт ұйымдары басшыларын заңсыз түрде ауыстыруға талпыныс жасалғанын атап өтті.
Олимпиада чемпионы бұл әрекетті байқаған сәтте жағдайды ушықтырмай, мәселені бейбіт жолмен тоқтатуға тырысқанын жеткізді. Сонымен бірге ол спорт саласында жүйелі реформаларды іске асыру ниетін ешқандай арандату әлсірете алмайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін интернет кеңістігінде Серік Сәпиевтің кабинеттен итеріле шығарылған сәті түсірілген видео тараған еді. Кадрларда оны орынбасары Дәурен Есімханов сыртқа қарай итермелеп жатқанын көруге болады.
Дәурен Есімханов — самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, сондай-ақ джиу-джитсудан әлем чемпионы ретінде танылған.
Кейінірек құқық қорғау органдары бұл оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлап, қазір тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.