Шавкат Рахмоновтың әйелі 5 жылға сотталды
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан абайсызда екі адамның өліміне әкелген іс бойынша Гүлайым Рахмоноваға үкім шығарды.
Қайғылы жол апаты қалай болды?
2025 жылдың 27 шілдесінде таңғы сағат 08:30 шамасында Гүлайым Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеп, Алматы — Екатеринбург тасжолының Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы аумағымен келе жатқан. Ресми деректе жүргізушінің шаршаңқы күйде болғаны айтылған. Соның салдарынан ол көлікті басқара алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Кейін автокөлік аударылған.
Апат нәтижесінде көлікте отырған екі жолаушы — сотталушының сіңлісі мен жақын құрбысы алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал Гүлайым Рахмонованың өзі ауруханаға жеткізілді.
Сотта қандай дәлелдер келтірілді?
Соттың хабарлауынша, Гүлайым Рахмонованың кінәсі:
- тараптардың жауаптарымен,
- сараптама қорытындыларымен,
- іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен толық расталған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айыруды сұраған. Сонымен қатар жаза өтеуді 5 жылға кейінге шегеру мәселесі де көтерілген.
Жәбірленушілер кешірім берді
Іс барысында жәбірленуші тараптар сотталушыны кешіргені айтылды. Соған қарамастан Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамаған.
Сот оның төрт баласы бар екенін ескерген. Балалардың жасы 2 мен 9 жас аралығында екені нақтыланды.
Сот қандай үкім шығарды?
Сот шешімімен Гүлайым Рахмонова Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот оның кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін жағдай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Осыған байланысты негізгі жаза өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды. Қазір сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Гүлайым Рахмонова Шавкат Рахмоновпен ажырасқанын мәлімдеп, спортшыны балаларынан бас тартты деп айыптаған болатын.