Рахмоновтың жұбайына қатысты іс. Заңгер мәлімдеме жасады

Сарапшы, спорт журналисі
28.03.2026, 14:59

Белгіленген 5 жыл – санкцияның ең төменгі шегі деп санайды заңгер. 

azh.kz

Қазақстандық заңгер Бағдат Амандосұлы UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты сот үкіміне пікір білдіріп, жазаның қоғамда неге қызу талқыға түскенін түсіндірді. Бұл туралы sports24.kz хабарлады. 

Үкім заң аясында шығарылған

Заңгердің айтуынша, жарияланған мәліметтерге сүйенсек, сот шешімі құқықтық тұрғыдан заң талаптарына сәйкес қабылданған.

"Сот іс-әрекетті ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша саралады, бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Белгіленген 5 жыл – санкцияның ең төменгі шегі. Сонымен қатар 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды, ал негізгі жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды, себебі сотталғанның төрт кәмелетке толмаған баласы бар; мұндай кейінге қалдыру ҚР ҚК 74-бабында көзделген. Үкім, хабарланғандай, әзірге заңды күшіне енген жоқ", — деді Бағдат Амандосұлы.

Неге жаза қоғамға жеңіл көрінеді?

Заңгердің пікірінше, мәселе тек заңдылықта емес, қоғамдық әділдік сезімінде жатыр.

"Жол апатының ауыр зардаптарын ескерсек, жаза, сөзсіз, көпшілікке жеңіл көрінеді, өйткені екі адам қаза тауып отыр, ал ең төменгі мерзім тағайындалып, оны өтеу кейінге қалдырылған. Алайда жазаның жеңілдігі оның заңсыз екенін білдірмейді: сот заңға сәйкес, айыпталушының тұлғасын, жеңілдететін әрі ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, жазаны даралайды. Жарияланған ақпаратта сот кәмелетке толмаған балалардың барын жеңілдететін мән-жай деп танығаны, ауырлататын мән-жайлар анықталмағаны, жәбірленушілер қатаң жаза сұрамағаны көрсетілген.", — деді сарапшы.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 28 шілде күні Қарағанды облысынан Алматыға бағыт алған Toyota Land Cruiser 200 көлігі қатысуымен болды. 

Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам қаза тапты.

Реклама
Реклама