"Менің чемпионым": Бибісара Асаубаеваның жазбасы жұртты елең еткізді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2026 жылғы Үміткерлер турнирінде мерзімінен бұрын топ жарған өзбекстандық Жавохир Синдаровқа ерекше ықыласын білдірді.
Синдаровқа жылы лебізін білдірді
Шахмат әлемінің назары Кипрдегі Үміткерлер турниріне ауып отыр. Дәл осы жарыста ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионы атағы үшін таласатын үміткерлер анықталып жатыр.
Ерлер бәсекесінде өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров 14 турдың 13-інен кейін-ақ жалпы есепте ешкімге дес бермейтінін дәлелдеп, мерзімінен бұрын турнир жеңімпазы атанды. Енді ол әлем чемпионы атағы үшін үндістандық Гукеш Доммараджумен кездеседі.
Қазақстанның танымал шахматшысы Бибісара Асаубаева бұл жетістікке бірден пікір білдірді. Ол өзінің Telegram-арнасында Жавохир Синдаровпен бірге түскен суретін жариялап, қысқа да әсерлі жазба қалдырды.
“Менің чемпионым”, – деп жазды Асаубаева.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу талқы туғызды. Әсіресе, жазбаға жүрек белгісінің қосылуы көпшіліктің назарын аударды.
Асаубаева мен Синдаров туралы қауесет қайта күшейді
Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың қарым-қатынасы туралы түрлі болжам жиі айтылып жүр. Алайда шахматшылар бұл әңгімелерге ресми түрде пікір білдіріп, жеке қатынастары жайлы нақты мәлімдеме жасаған жоқ.
Соған қарамастан үміткерлер турнирі кезінде қос спортшының бірге уақыт өткізіп, бір-біріне қолдау көрсетіп жүргені байқалды. Бибісара бұған дейін де Синдаровпен түскен суреттерін жариялаған еді.
Бибісараның өзі де жеңіске жақын
Айта кетейік, әйелдер арасындағы үміткерлер турнирінде Бибісара Асаубаева да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 13 турдан кейін ол 7,5 ұпаймен үндістандық Вайшали Рамешбабумен бірге көш бастап тұр.
Осылайша қазақстандық шахматшының да турнирді жеңіспен аяқтап, әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндігі әлі де сақталып отыр.