"Құда түсіп беремін". Синдаровтың анасы Асаубаевамен байланысты болашаққа пікір білдірді

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 19:56

Өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаровтың анасы ұлының Бибісара Асаубаевамен қарым-қатынасына қатысты тараған әңгімелерге жауап берді.

instagram/@bibisarachess

Синдаровтың анасы не деді?

Соңғы күндері шахмат әлемінде Жавохир Синдаров пен Бибісара Асаубаеваға қатысты жаңалықтар қайтадан қызу талқылана бастады. Бұл жолы көпшіліктің назарын өзбекстандық гроссмейстердің анасының пікірі аударды.

Жавохир Синдаровтың анасы ұлы мен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның арақатынасы туралы сұраққа қысқа да нұсқа жауап берген.

“Әзірге олар дос, әзірге солай. Біз оларды кішкентайынан танимыз. Қазірше дос. Ертең не боларын білмейміз. Бірақ егер оған бір қыз ұнап қалса, мен өзі құда түсіп беремін”, – деді ол.

Бұл пікір әлеуметтік желіде бірден кең тарап, жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсті.

Синдаров турнирде мерзімінен бұрын жеңіске жетті

Айта кетейік, кеше Пафостағы (Кипр) Үміткерлер турнирінің алдыңғы соңғы турында 20 жастағы Жавохир Синдаров нидерландтық шахматшы Аниш Гириді жеңіп, 9,5 ұпаймен жарыстың мерзімінен бұрын жеңімпазы атанды.

Осылайша өзбекстандық гроссмейстер 2026 жылғы турнирдің басты сенсацияларының біріне айналып, әлем чемпиондығына үміткер ретінде көзге түсті.

Бибісара үшін шешуші матч алда

Ал бүгін қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева турнирдегі ең маңызды партияларының бірін өткізеді. Ол үндістандық Дивья Дешмухпен кездеседі.

Қазір Бибісара Үміткерлер турнирі кестесінде Үндістан өкілі Рамешбабу Вайшалимен бірге көш бастап тұр. Екі шахматшының да еншісінде 7,5 ұпайдан бар.

 

Реклама
Реклама