"Жазылушысы көп": Түркістанда жайдарманшының күрес федерациясына шақырылу себебі айтылды
Соңғы күндері әлеуметтік желіде "Жайдарман" ойындары арқылы танылған Мансар Орынханның Түркістан облысы күрес федерациясындағы жаңа қызметі кеңінен талқыланып жатыр. Ол федерацияның медиа бағыты бойынша вице-президенті болып тағайындалған.
Федерация басшысы түсініктеме берді
Осы тағайындауға қатысты Түркістан облысы күрес федерациясының төрағасы Нұрбол Еребаев пікір білдіріп, мұндай шешімнің не үшін қабылданғанын түсіндірді.
Еребаевтың айтуынша, Мансар Орынхан әлеуметтік желіде белсенді тұлға саналады. Оның жеке парақшасында 800 мыңнан астам оқырман бар. Федерация осы аудиторияны пайдаланып, ұлттық спорт түрлерінің бірі саналатын күресті жастар арасында кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
Мақсат — күресті жаңа аудиторияға таныту
Федерация өкілдері Мансар Орынханның танымалдығы күрес спортының медиа кеңістікте көбірек көрінуіне әсер етеді деп есептейді. Алдағы уақытта оның парақшасында күреске қатысты бейнероликтер, танымдық контенттер мен спортшылар туралы материалдар жариялануы мүмкін.
Бұл қадам арқылы облыстық күрес федерациясы спорттың осы түріне қызығатын көрермен санын арттырып, жас буынның назарын аударуды көздейді.