Қазақстандық теннисші швейцариялық аңызды сенсациялық түрде жеңді
Александр Шевченко Швейцарияның Гштаад қаласында өтіп жатқан ATP-250 санатындағы турнирдің екінші айналымына шықты.
Шевченко алғашқы кезеңде атақты швейцариялық теннисші, "Үлкен дулыға" турнирлерінің жеңімпазы Станислас Вавринканы сенсациялық есеппен – 6:3, 6:2 – жеңіп шықты. Кездесу 1 сағат 14 минутқа созылды.
Қос теннисші бұған дейін 2023 жылы Базельде бір рет кездескен. Ол матчта да жеңіс Шевченконың еншісінде қалған еді – 6:3, 7:6.
Шевченко турнирдің екінші айналымында Қазақстан құрамасының тағы бір көшбасшысы Александр Бубликпен кортқа шығады. Бұл отандастар арасындағы аса қызықты кездесу болатыны анық.
Турнир туралы қысқаша
Гштаад турнирі биыл 14–20 шілде аралығында өтуде. Былтырғы чемпион – италиялық Маттео Берреттини, алайда ол биыл титулын қорғаудан бас тартты.