Теннисшінің дисквалификациясы 2036 жылғы 6 қарашада аяқталады.
Халықаралық теннистегі адалдықты қамтамасыз ету агенттігі (ITIA) қытайлық теннисші Пан Жэньлунды келісілген матчтарды ұйымдастырғаны үшін 12 жылға спорттан шеттету туралы шешім қабылдады.
ITIA мәліметінше, Пан Жэньлун 2024 жылдың мамырынан қыркүйегіне дейін өткен 22 матчта келісілген ойындарды ұйымдастырды немесе ұйымдастыруға әрекеттенді деп айыпталды.
25 жастағы теннисші ITF және Challenger турнирлерінде жекелей сында бес матчты әдейі ұтылғанын мойындады. Басқа кәсіби ойыншыларға 17 рет пара беруге тырысқан. Нәтижесінде алты келісілген матч ұйымдастырылған.
Осыған байланысты Пан Жэньлун тек спорттан шеттетіліп қана қоймай, 110 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл арқалады.
Жэньлун тәуелсіз антикоррупциялық тыңдау жөніндегі маманға (AHO) жүгіну құқығынан бас тартты. Уақытша шеттетуде өткізген мерзімі жалпы дисквалификация мерзіміне есептеледі.
Естеріңізде болса, өткен аптада бұрын әлемдік рейтингте 488-орында тұрған француз теннисшісі Кентен Фольо келісілген матчтарды ұйымдастырғаны үшін 20 жылға дисквалификация алғаны белгілі болды.