Әйелдер құрамамыз Билли Джин Кинг турнирінің іріктеу кезеңіне қатысады.
Қазақстанның әйелдер құрамасы теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Канадамен ойнайды, деп хабарлайды ҰОК.
Алдағы маусымның іріктеу жеребесі Лондонда (Ұлыбритания) тартылды. Соның қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшілер финалдық кезеңге жолдама алу үшін Астанада Канада құрамасын қабылдайды. Айта кетейік, қарсылас команда 2023 жылы әлем чемпионы атанған.
Екі құраманың бұған дейінгі жалғыз кездесуі 2017 жылы өткен. Сол жолы Канадада ұйымдастырылған матчта Қазақстан 2:3 есебімен есе жіберген.
Әйелдер құрамаларының әлемдік рейтингінде Канада 4-орында, ал Қазақстан 9-сатыда тұр.
Іріктеу ойындары 2026 жылғы 10-11 сәуір күндері Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді. Бағдарламада төрт жекелей матч пен бір жұптық кездесу жоспарланған.