Реклама
Реклама

Қазақстандық теннисші Түркиядағы турнирден қағылды

Сарапшы, спорт журналисі
05.03.2026, 19:00

Заңғар Нұрланұлы Антальяда өтуі тиіс турнирдің күтпеген жерден тоқтатылғанын мәлімдеді. 

Instagram/@nurlanuly_zangar

Турнир неге тоқтатылды?

Ұйымдастырушылар таратқан ресми хатта Антальяда 2–15 наурыз аралығында өтуі керек ITF M15 турнирі өтпейтіні көрсетілген.

Хатта: "Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығысқа байланысты осы аптаға жоспарланған Антальядағы M15 турнирі тоқтатылды" деген мазмұнда ақпарат жарияланған.

Заңғардың айтуынша, турнирдің тоқтатылған сәтінде ол Антальядағы қонақүйде болған және жарыста әрі қарай өтіп, шешуші кезеңдерге шығуды жоспарлаған.

Заңғар бірінші айналымнан өтіп үлгерген

Маңыздысы — қазақстандық спортшы жарыс басталып кеткенде-ақ бірінші айналымда швейцариялық Александр Шиланы жеңіп, жақсы нәтиже көрсетуге үміткер болған.

Теннисшінің агенті Асқар Ағатаевтың сөзінше, Нұрланұлы турнирдің тоқтағанын қонақүйде естіп, көп созбай келесі жоспарға көшкен.

Оның айтуынша, спортшы Братиславаға ұшып кеткен және келесі жарысқа дайындықты бастап үлгерген. Агенттің мәліметінше, ендігі жоспар — Италиядағы турнирге қатысу.

Шығын өтеле ме, жүлде қоры қалай болады?

Әзірге ең өзекті сұрақтардың бірі ашық қалып отыр: спортшылардың жолақысы, тұру шығындары сияқты қаржылық шығындары өтеле ме, жүлде қоры бойынша қандай тәртіп қолданылады — нақты ақпарат жоқ.

Ұйымдастырушылардың хатына сүйенсек, қатысушылардың бір бөлігі басқа жарыстарға wild card (арнайы шақырту) алу мүмкіндігіне ие болуы ықтимал екені де айтылған.

Заңғар Нұрланұлы кім?

17 жастағы қазақстандық теннисші әлемдік юниорлар рейтингінде үздік ондыққа кіреді. Заңғар өткен маусымда Қазақстан тарихында алғаш болып юниорлар арасында US Open және Australian Open турнирлерінің жартылай финалына дейін жеткен.

Реклама
Реклама