Теннистен Индиан-Уэллс турнирі аясындағы марапаттау рәсімінен кейін әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиға тіркелді. Жергілікті бір ұйымның өкілі Елена Рыбакинаға қатысты әдепке сай емес қимыл жасады деген сынға қалды.
Теннис қауымдастығы талқылап жатқан эпизод марапаттау салтанатында болған. Рыбакина жұптық көрсетілім матчында Тейлор Фрицбен бірге Eisenhower Cup турнирінде жеңіске жеткеннен кейін ұйымдастырушылар 200 мың долларлық чек табыстау рәсімін өткізген.
Осы сәтте Eisenhower Health мекемесінің вице-президенті ретінде таныстырылған Дэвид Ренкер спортшыға жақындап, оны белінен құшақтаған. Бұл әрекет көпшілікке ұнамай, желіде сынға ұшырады.
Әлеуметтік желіде кең тараған видеода Рыбакина өзін ыңғайсыз сезінгендей әсер қалдырады. Ол ер адамның қолын дереу ысырып кейін оған қатқыл көзқараспен қарап, ал қарсы тараптың бір қадам шегінетіні байқалады.
Желі қолданушылары бұл қимылды қолайсыз әрі орынсыз деп бағалап, кейбірі "ол екі рет жақындауға тырысқан" деген пікір қалдырған.
Елена Рыбакина оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ол тек турнирден бірнеше фото жариялаған. Дегенмен АҚШ-та мұндай жағдайларға қатысты қоғамдық реакция да, құқықтық талаптар да қатаң болатыны жиі айтылып жүр.