Реклама
Реклама

Елена Рыбакина Майамидегі жорығын жалғастыруда

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 09:58

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.

holanews.com

Сенімді жеңіс

Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турниріндегі екінші матчын сәтті өткізді. Әлемдік рейтингте 2-орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда украиналық Марта Костюкпен бетпе-бет келді.

Костюк айтарлықтай қарсылық көрсеткенімен Рыбакинаның қарқынына төтеп бере алмады. Нәтижесінде украиналық теннисші 6:3, 6:4 есебімен жол берді. 

Айта кетейік, Елена Рыбакина Miami Open-2026 бәсекесінде алғашқы ойынын Юлия Путинцеваға қарсы өткізген. Әлемдік рейтингте 75-орында тұрған Путинцеваны да Рыбакина екі сетте ұтты — 6:3, 6:3.

1/8 финалда кім күтіп тұр?

Енді Елена Рыбакина 1/8 финалда австралиялық Талия Гибсонмен кездеседі. Қазір WTA рейтингінде 68-орында тұрған Гибсон Майамиде күтпеген нәтижелерімен көзге түсіп отыр.

Австралиялық теннисші турнир барысында қатарынан екі сенсация жасады. Алдымен әлемдік рейтингте 15-орында тұрған жапониялық Наоми Осаканы, артынша 17-орындағы америкалық Ива Йовичті жарыс жолынан шығарды.

Биылғы Майами WTA 1000 турнирінің жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларға тең. Жарыс жеңімпазы 1 151 380 доллар көлемінде сыйақы алып, өз қоржынына 1000 рейтингтік ұпай қосады.

Реклама
Реклама