Елена Рыбакина Мадридте сенсацияны болдырмады

Сарапшы, спорт журналисі
24.04.2026, 19:00

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Испания астанасы Мадридтегі WTA 1000 санатындағы турнирді жеңіспен бастады.

instagram/@wta

Үш сетке созылған драма

Рыбакина жоғары рейтингке ие болғандықтан турнирді екінші айналымнан бастады. Оның алғашқы қарсыласы WTA рейтингінде 71-орында тұрған румыниялық Елена-Габриэла Русе болды.

Кездесу қазақстандық теннисші үшін оңайға соққан жоқ. Алғашқы сетте 4:6 есебімен жол берді. Бірақ екінші партияда ойын тізгінін өз қолына алып, 6:3 есебімен таразы басын теңестірді.

Шешуші үшінші сетте де тартыс жоғары болды. Дегенмен Елена Рыбакина маңызды сәттерде сабыр сақтап, қарсыласынан 7:5 есебімен басым түсті. Матчтың жалпы есебі: 4:6, 6:3, 7:5. Кездесу 2 сағат 29 минутқа созылды.

Келесі қарсыласы қытайлық теннисші

Осы жеңістен кейін Елена Рыбакина Мадрид турнирінің үшінші айналымына жолдама алды. Енді қазақстандық теннисші қытайлық Чжэн Циньвэньмен кездеседі.

Қытайлық WTA рейтингінде 36-орында тұр. Сондықтан келесі матч та Рыбакина үшін оңай болмайды.

Мадридтегі топырақ төсенішіндегі WTA 1000 турнирі маусымдағы ең беделді жарыстардың бірі саналады. Турнир жеңімпазы 1 007 165 еуро көлемінде сыйақы алып, рейтингіне 1000 ұпай қосады.

Реклама
Реклама