Елена Рыбакина әлемді мойындатты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жариялаған шолуда "Апта жұлдызы" номинациясының жеңімпазы атанды.
Өткен аптада әлемнің екінші ракеткасы Германияның Штутгарт қаласында өткен беделді турнирде топ жарды. Porsche Tennis Grand Prix жарысында екінші рет чемпион атанып, осы маусымдағы екінші титулын иеленді. Бұл жетістік Рыбакинаның WTA сарапшылары тарапынан аптаның үздік ойыншысы деп танылуына тікелей әсер етті.
Турнир барысында қазақстандық спортшы төрт күн ішінде әлемнің үздік 25 теннисшілері арасындағы бірқатар ойыншыны тізе бүктірді. Жартылай финалда ресейлік Мирра Андреева, ал финалда чехиялық Каролина Мухова қарсылас болды. Екі матч та Рыбакинаның пайдасына шешілді. Аталған титул оның WTA турнирлеріндегі 13-жеңісі болып тіркелді.
Чемпиондық жарыста көшбасшылық
Штутгарттағы жеңіс Рыбакинаға тек титул ғана сыйламай, WTA чемпиондық жарысында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы озуына әсер етті. Қазіргі таңда қазақстандық теннисшінің еншісінде 3983 ұпай болса, Соболенко 3800 ұпаймен екінші орында тұр.
Мадридке дайындық
Қазір Рыбакина Испания астанасында өтетін Madrid Open турниріне дайындалып жатыр. WTA 1000 санатындағы бұл жарыс маусымдағы ең күрделі турнирлердің бірі саналады.