Елена Рыбакина Берлиндегі WTA 500 турниріне келді (ВИДЕО)

Спорт шолушысы
15.06.2026, 20:46

Қазақстанның үздік теннисшісі Германия астанасында WTA 500 санатындағы турнирге қатысу үшін келді.

instagram/@lenarybakina

Берлинге жетті

Елена Рыбакина WTA 500 турниріне қатысу үшін Германия астанасына келді. Жарыстың ресми әлеуметтік желідегі парақшасында Рыбакинаның турнир қатысушылары орналасатын Waldorf Astoria Berlin қонақүйіне келген сәті көрсетілген видео жарияланды.

Ұйымдастырушылар қазақстандық теннисшіні ерекше ықыласпен қарсы алғанын атап өтті.

“Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина келді. Біз оны Steffi-Graf-Stadion кортында қарсы алуды асыға күтіп жүрміз!” — делінген турнирдің ресми хабарламасында.

Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастайды

Берлиндегі жарыста Елена Рыбакина екінші нөмірге ие. Осыған байланысты қазақстандық теннисші турнирдегі алғашқы кездесуін бірден екінші айналымнан бастайды.

Рыбакинаның алғашқы қарсыласы хорватиялық Донна Векич пен филиппиндік Александра Эала арасындағы матчтың жеңімпазы болады.

WTA 500 санатындағы турнир 15-21 маусым күндері өтеді. Елена Рыбакина бұл жарыста бұған дейін төрт рет өнер көрсеткен.

Қазақстандық теннисшінің Берлиндегі ең үздік нәтижесі – 2024 және 2025 жылдардағы ширек финал. Ал 2021 және 2023 жылдары Рыбакина жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтаған.

Айта кетейік, өткен аптада Елена Рыбакина Лондондағы WTA 500 турнирінде ширек финалға дейін жеткен. Бұл кезеңде ұлыбританиялық Кэти Бултерге есе жіберді.

Реклама
Реклама