Елена Рыбакина Торонтода екінші жеңісіне жетті
Қазақстанның бірінші ракеткасы WTA 1000 санатындағы Canadian Open-2026 турнирінде сәтті өнер көрсетуін жалғастырды.
Энн Лиді екі сетте жеңді
Әлемдік WTA рейтингінде екінші орында тұрған Елена Рыбакина үшінші айналымда америкалық Энн Лимен кездесті. АҚШ өкілі әлемдік рейтингте 31-орында орналасқан.
Қазақстандық теннисші қарсыласын екі сетте тізе бүктірді. Матч 6:2, 7:5 есебімен аяқталды. Осы жеңістің арқасында Елена Canadian Open турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Рыбакина Канададағы жарысты екінші айналымнан бастаған. Алғашқы кездесуінде Австралия атынан өнер көрсететін Дарья Касаткинамен шеберлік байқасты.
Үш сетке созылған тартысты матчта қазақстандық теннисші 6:3, 5:7, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Касаткина WTA рейтингінде 61-орында тұр.
Canadian Open-2026 турнирінің жүлде қоры
Биылғы Canadian Open жарысының жалпы жүлде қоры 7 433 076 долларға тең.
Турнир чемпионы 1 085 220 доллар көлемінде сыйақы алып, WTA рейтингіндегі еншісіне 1000 ұпай қосады.
Елена Рыбакина енді Торонто турниріндегі ширек финал жолдамасы үшін күреседі.