Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирде тағы да топ жарды
Қазақстандық теннисші Виго қаласында ITF World Tennis Tour W35 халықаралық турнирідің жеңімпазы атанды.
Финалда қытайлық теннисшіден басым түсті
Соня Жиенбаева шешуші кездесуде WTA рейтингінде 332-орында тұрған қытайлық Юфей Ренмен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші қарсыласын екі сетте жеңді – 7:6 (8:6), 7:5. Матч 1 сағат 46 минутқа созылды.
Бірінші партияда жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Тартысты сәтте Жиенбаева 8:6 есебімен басым түсіп, сетте алға шықты. Екінші партияда да шешуші сәттерде мүмкіндігін тиімді пайдаланып, кездесуді жеңіспен аяқтады.
Екі аптада екі титул
Вигодағы чемпиондық атақ Жиенбаева үшін World Tennis Tour жарыстарындағы қатарынан екінші титул болды. Бұған дейін қазақстандық теннисші Испанияның Оренсе қаласында ұйымдастырылған W75 санатындағы турнирде топ жарған. Сол жарыстың финалында болгариялық Изабелла Шиникованы жеңді.
Испаниядағы қос титул Жиенбаеваның әлемдік рейтингтегі жағдайына да оң әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар бұл нәтиже 20 жастағы теннисшінің алдағы ірі жарыстар қарсаңындағы маңызды жетістіктерінің бірі саналады.