Елена Рыбакина әлемнің үздік теннисшісі атанды
Қазақстандық теннисші US Open турнирінің ширек финалында қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңіп, WTA-ның онлайн рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
US Open жартылай финалына шықты
Рыбакина ширек финалдық кездесудің алғашқы сетінде қарсыласына жол берді. Бірақ ойын барысын өзгертіп, келесі екі партияда басым түсті. Есеп — 3:6, 6:1, 6:4.
Бұл жеңіс Еленаға жарыстың жартылай финалына жолдама беріп қана қоймай, WTA рейтингінің шыңына көтерілуіне мүмкіндік жасады.
Қазақстан теннисі үшін тарихи жетістік
Рыбакина WTA-ның live-рейтингінде әлемнің жаңа бірінші ракеткасы атанды. Турнир аяқталғаннан кейін жаңартылатын ресми тізімде де қазақстандық теннисші көш басында орналасады.
Осылайша 2022 жылғы Уимблдон чемпионы тағы бір тарихи белесті бағындырды. Ол бұған дейін Қазақстан атынан "Үлкен дулыға" турнирін жеңген тұңғыш теннисші атанса, енді WTA рейтингінде бірінші орынға шыққан алғашқы қазақстандық болды.
Бірінші орын үшін бәсеке қалай өрбіді?
Елена Рыбакинаның әлемдік рейтинг көшбасшылығы үшін таласы маусым басында күшейді. Ол Australian Open финалында сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңген.
Кейін Индиан-Уэллс пен Майамиде нәтижелі өнер көрсеткенімен топырақ және шөп төсенішіндегі маусым қазақстандық теннисші үшін сәтсіздеу өтті. Рыбакина "Ролан Гаррос" пен Уимблдоннан ерте шығып қалды.
US Open алдындағы күмәнді сейілтті
Торонтодағы WTA 1000 турнирі Рыбакина үшін маңызды кезеңге айналды. Ол финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Ига Швёнтекке есе жіберді. Цинциннати турнирінің ширек финалында да польшалық теннисшімен кездескенімен, ахилл сіңіріндегі жарақат салдарынан ойынын жалғастыра алмады.
Осы себепті Рыбакинаның US Open додасына қатысуы да күмән тудырған еді. Соған қарамастан қазақстандық теннисші Нью-Йоркте чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін дәлелдеп, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді.