Александр Бублик Шанхайда жол апатына тап болды
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Қытайда жол-көлік оқиғасына тап болды.
Көлік таксидің ашық есігіне соғылған
Бублик оқиға туралы Telegram-арнасында жариялаған видеода баяндады. Оның айтуынша, таксидің есігін ашқан кезде әйел жүргізуші басқарған көлік оған соғылып, есікті кері қарай майыстырған.
Теннисші аяғын сыртқа шығарып үлгермегенінің арқасында жарақаттан аман қалғанын айтты.
"Достар, Шанхайда осындай жағдай болды. Таксиден түспек едік, бір қыз көлігімен есікті соғып кетті. Құдайға шүкір, өзім аман-есенмін. Бірақ есік кері қарай майысып қалған. Аяғымды сыртқа шығарып үлгермегенім жақсы болды. Құдай сақтады", – деді Бублик.
Шанхайдағы турнирді екінші айналымнан бастайды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Шанхайдағы ATP 1000 санатындағы "Мастерс" турнирінде алғашқы кездесуін екінші айналымда, яғни 1/32 финалда өткізеді.
Оның қарсыласы – чехиялық Томаш Махач. Ол алғашқы айналымда қытайлық Чжан Чжичжэньді жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Турнирдің негізгі кезеңі 7–18 қазан аралығында өтеді.