"Бүгін келісімшартқа қол қоямын". Жәнібек Әлімханұлы маңызды мәлімдеме жасады

Редактор Penalty.kz
16.04.2025, 10:12

Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) қарсыласы — WBC чемпионы Карлос Адаместің (24-1-1, 18 КО) соңғы мәлімдемесіне жауап қайтарды. 

golos-naroda.kz

Әлімханұлы әлеуметтік желіде (бұрынғы Twitter, қазір X) жазба жариялап, айқасқа дайын екенін анық білдірді:

"Карлос, сөзді доғар. Егер расымен осы жекпе-жекті қалайтының рас болса, командаңа айт. Мен бүгін келісімшартқа қол қоямын. Жанкүйерлер бос әңгімелерден шаршады. Мен – уәдесінде тұратын адаммын. Енді сенің кезегің келді. Айқасайық!" 

Бұл — Жәнібектің ашық әрі батыл шақыруы. Бокс әлемі көптен күткен жекпе-жек ақыры жүзеге асуы мүмкін деген үміт күшейе түсті.

Айта кетейік, бұған дейін Карлос Адамес те мәлімдеме жасап, былай деген еді:

"Адамдар бір нәрсені қайта-қайта оқудан шаршады. Қарапайым бір жекпе-жекті ұйымдастыру үшін мұншалықты кедергілер болатынын білмеппін. Мен жылдар бойы тек Жәнібекпен жұдырықтасқым келетінін айтып келем. Егер осы жекпе-жек өтсе, мен оны зейнетке жіберем. Әлем өзгеріп жатыр. Қазір “чемпиондар” тек X-те батыр. Бір жеңістен кейін өзін 154 пен 160 фунтта бәрін жеңе алатындай көрсететіндер шықты. Бұл сериал емес. Тоқтату керек".

Жәнібек пен Карлос арасындағы бұл текетірес — орта салмақтағы ең қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Екі чемпион да мықты рекордқа ие, әрі сөзден іске көшетін сәт те жақындап қалған секілді.