Қазақстандық танымал бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас өзінің Instagram парақшасында 2021 жылы Токио Олимпиадасы қарсаңында өзге елдерден азаматтық ауыстыру туралы мол қаржылық ұсыныстар алғанын ашық жария етті.
28 жастағы спортшы екі елдің Олимпиадаға қатысу үшін паспорт ауыстыруды және олардың туының астында өнер көрсетуді ұсынғанын айтты.
“2021 жылы Токио Олимпиадасы алдында маған екі елден ұсыныс келді. Олар маған өз елінің азаматы болуды, Олимпиадада сол ел үшін қатысуды ұсынды. Қарапайым ұсыныс емес – миллиондаған келісімшарттар болды. Бірақ мен туған елімді сатқаным жоқ – сатпаймын да”, – деп жазды Лукас.
Қаржылық жағынан өте тиімді болған бұл ұсыныстарды қабылдамау арқылы Ангелина Қазақстанға адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Тіпті Токио Олимпиадасына қатыспағанымен, ол өз таңдауына өкінбейді.
2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турниріне де қатысу мүмкіндігі ұсынылған. Бірақ Ангелина кәсіби жекпе-жектердің тығыз кестесіне байланысты бұл мүмкіндіктен бас тартқан.
Ангелина Лукас – IBO нұсқасы бойынша бокстан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық. Ол өзінің әр сөзінде ұлттық құраманы, қазақ елін және халықты бірінші орынға қоятынын дәлелдеп келеді.