Көпшілік тағатсыздана күткен Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 54 келіде өнер көрсететін Сәкен Бибосынов Хабаровск қаласында өтіп жатқан Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде жартылай финалға жолдама алды. Жеребенің ыңғайына қарай, ол финал жолдамасын екі дүркін Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен сарапқа салуы тиіс еді.
Алайда күтпеген жағдай жекпе-жекке кедергі болды.
Турнирдің ширек финал кезеңінде Хасанбой Дусматов өз туған інісі – Фариёзбек Дусматовпен жұдырықтасуы керек болатын. Алайда Өзбекстан құрамасының бапкерлері бауырлар арасындағы жекпе-жекті болдырмау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Фариёзбек Дусматов ешқандай айқассыз келесі кезеңге өтті.
Енді жартылай финалда Сәкен Бибосынов дәл осы Фариёзбекпен жұдырықтасады.
Сәкен мен Хасанбой арасындағы айқас нағыз Орталық Азия дербиі болар еді. Екі мықты боксшының жекпе-жегі жанкүйерлер үшін басты қызығушылық тудырған. Алайда спорттағы кейде еріксіз болатын факторлар – бұл жолы жеребе мен командалық шешім – тартысты айқастың алдын алды.