Дзюдодан Қазақстан құрамасының бұрынғы спортшысы, қазіргі жаттықтырушы Елдос Жұмақанов шетелден шақырылған білікті маман Эцио Гамба туралы өз ойын ашық білдірді.
Жұмақановтың сөзінше, Гамбаның ұлттық құрамаға ықпалына қатысты бірқатар түйткілді мәселелер бар.
"Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына қосылғаныма төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде шәкірттерім бір алтын мен бір қола медаль алып келді. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Өзің жетпеген жетістікке шәкірттің жетуі – бапкер үшін ең үлкен марапат. Қазір ұлттық құрамадан кеткенім рас, бұның да өз себептері бар", – деді Елдос.
Жұмақанов шетелдік бапкер Эцио Гамбаның тек кеңесші ретінде жұмыс істеп жатқанына күмәнмен қарайды:
"Гамба – тәжірибесі мол маман. Ол Олимпиада чемпиондарын дайындаған әлемдік деңгейдегі бапкер. Бірақ бізде ол қашықтан жұмыс істеп жатыр. Яғни, ұлттық құрамамен тікелей жұмыс істемейді. Алаңда бірге болмай, спортшылардың жай-күйін сезіне алмайсың. Бапкер тек тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуын өз көзімен бақылауы тиіс", – деп атап өтті ол.
Елдос Жұмақановтың сөзінше, Эцио Гамбаның қазақстандық командаға тапсырма беруі жеткіліксіз, себебі ол жаттығу үдерісіне тікелей араласпайды:
"Гамба құрамамен бірге жаттығып, олардың жағдайын көзбен көріп, бірге бір ауа жұтпаған соң, нақты не болып жатқанын сезіне алмайды. Оның орнында болмаған соң, берген тапсырмалары толық орындалып жатқанына сенім аз. Сондықтан менде белгілі бір деңгейде күмән бар", – деді бапкер.
Жұмақанов сөзінің соңында ұлттық құрамаға тек жақсылық тілейтінін айтып, бастысы – нәтиже көрсететін уақыттың алда екенін жеткізді.