Садриддин Ахмедов АҚШ-тағы жекпе-жек алдында ресми түрде салмақ өлшеді (ВИДЕО)

Редактор Penalty.kz
19.04.2025, 09:20

Қазақстандық талантты боксшы Садриддин Ахмедов Калифорнияда өтетін үлкен жекпе-жекке дайын. Спортшы салмақ өлшеуден сәтті өтіп, қарсыласымен бетпе-бет кездесті.

sportplustv.kz

Бірінші орта салмақта өнер көрсететін (15 жеңіс, 13 нокаут) Садриддин Ахмедов 20 сәуір күні таңертең АҚШ-тың Калифорния штатындағы Коммерс қаласында өтетін Hollywood Fight Nights шоуының басты жекпе-жегінде шаршы алаңға шығады.

Садриддиннің қарсыласы — мексикалық боксшы Элиас Эспадас (23 жеңіс, 6 жеңіліс, 16 нокаут). Жекпе-жек алдындағы ресми салмақ өлшеу рәсімі сәтті өтті: екі спортшы да 156,4 фунт (шамамен 70,94 кг) көрсетті. Бұл көрсеткіш дивизион лимитінен (69,85 кг) жоғары болғанымен, титулдық емес жекпе-жектерде аздаған артық салмаққа рұқсат етіледі.

Салмақ өлшеу рәсімінен кейін дәстүрлі көз арбасу өтті. Екі боксшы бір-біріне тіке қарап, кімнің рухы мықты екенін көрсетті. Бұл сәт жекпе-жек алдындағы эмоциялық шиеленісті күшейтіп, көрермендердің қызығушылығын арттырды. Видеоны төменнен көруге болады.

Садриддин Ахмедовты АҚШ-та Геннадий Головкинмен салыстырып жүр. Бұған негіз де бар: ол GGG-дің бұрынғы промоутері Том Леффлермен, экс-бапкері Абель Санчеспен және менеджері Олег Германмен жұмыс істейді. Жас спортшының мансабы қарқынды дамып келеді.