Олимпиада жүлдегері халықаралық турнирде топ жарып, жанкүйерлеріне үндеу жолдады.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы Сәкен Бибосынов Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Константин Коротков атындағы халықаралық турнирде чемпион атанды. Жеңісті жекпе-жектен кейін ол Instagram парақшасында қазақстандықтарға арнайы мәлімдеме жасады
"Қазақстан халқына сәлем! Ресейдің Хабаровск қаласында өткен халықаралық турнирдің чемпионы атандым. Бұл — ауыр жарақаттан кейінгі менің алғашқы жарысым. Қазір бабымды біртіндеп қайта қалыпқа келтіріп жатырмын", — деп жазды Бибосынов.
54 келі салмақ дәрежесінің финалында Сәкен Бибосынов ресейлік Денис Пальшинді айқын басымдықпен жеңді. Жекпе-жектің барлық раундтарында басым болған қазақ боксшысы төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен алтын медаль иеленді.
Сәкен Бибосынов бұған дейін 2024 жылы Тайландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында ауыр жарақат алған. Соның салдарынан операция жасатып, біраз уақыт рингтен тыс қалды. Осы турнир — оның жарақаттан кейінгі рингке оралуының алғашқы кезеңі.