Қазақстандық даңқты каратэші K-1 Премьер-лигада алтын медаль иеленді
Мөлдір Жаңбырбай Мысыр астанасы Каирде өткен Karate 1-Premier League турнирінде чемпион атанды.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық жекпе-жекте Жаңбырбай хорватиялық Эмма Сгарделлимен кездесті. Тартысты өткен айқас соңғы секундтарға дейін шиеленіскен. Бірақ шешуші шабуылды сәтті жүзеге асырған қазақстандық спортшы алтын медальды жұлып әкетті.
Бүгін Премьер-лиганың Каир кезеңінде тағы бірнеше отандасымыз татамиге шығады:
- Айжан Бәкірова (61 кг), Диас Анарбеков (84 кг) және Софья Берульцева (68 кг) – қола медаль үшін,
- Әсел Қанай (61 кг) – алтын медаль үшін Украинаның өкілі Александра Шолоховамен жекпе-жек өткізеді.
Мөлдір Жаңбырбай туралы не білеміз?
Мөлдір Жаңбырбай 1997 жылы 18 мамырда дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Қазақстандағы ең беделді және титулды спортшылардың бірі:
- Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы (2013, 2017, 2018),
- Қазақстан чемпионаттары мен спартакиадаларының бірнеше мәрте иегері,
- Халықаралық жарыстардың тұрақты жеңімпазы.
Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ 2022 жылы Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарының финалисі. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Дидар Әмірәлінің жары.