Этникалық қазақ, Өзбекстан намысын қорғайтын Руслан Абдуллаев кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне жетті. Ол АҚШ-тың Калифорния штатындағы Оушенсайд қаласында өткен бокс кешінде рингке шықты.
Абдуллаев бұл жолы Филиппин елінің тәжірибелі боксшысы Джино Родригоға (13-4-2, 11 КО) қарсы жұдырықтасты. Бірінші жартылай орта салмақтағы жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланып толық қашықтыққа созылды.
Руслан қарсыласынан басым түсіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Бұл оның кәсіпқой бокстағы екінші жеңісі болса, Родриго үшін бесінші жеңіліс болып тіркелді.
Руслан Абдуллаевтың әлеуеті туралы бұған дейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев ерекше атап өткен. Ол Русланды "бокстың жаңа королі" деп сипаттап, болашағынан зор үміт күтетінін айтқан болатын.