Қазақстандық таэквондошы Қытайдағы беделді турнирде "күміс" жеңіп алды

Редактор Penalty.kz
24.04.2025, 21:22

Қытайдың Тайан қаласында өтіп жатқан World Taekwondo President's Cup – Asian Region халықаралық турнирінде қазақстандық таэквондошы Самирхон Абабакиров күміс медаль иеленді.

olympic.kz

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Самирхон алғашқы кездесуінде өз отандасы Дулат Әбдімәлікті жеңді. Одан кейін Тайбэй өкілі Хуанг Чо Ченгпен болған ширек финалдық жекпе-жекте де басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда ол Оңтүстік Корея спортшысы Жанг Жабинді сенімді түрде жеңіп, финалға шықты.

Финалда Абабакиров Оңтүстік Кореяның мықтысы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия ойындарының жеңімпазы Чжун Чжанмен кездесті. Қайсарлық танытқанымен, шешуші жекпе-жекте қарсыласынан есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Самирхонның жетістігімен қатар, бұған дейін Батырхан Төлеуғали (80 кг дейін) мен Әзиза Қаражанова (53 кг дейін) қола жүлде жеңіп алған болатын. Осылайша, Қазақстан құрамасының еншісінде үш медаль бар.