Украиналық аса ауыр салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Александр Усик (23-0, 14 KO) пен британдық боксшы Даниэль Дюбуа (22-2, 21 KO) ресми түрде реванш өткізетін болды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Усик пен Дюбуа арасындағы екінші жекпе-жек 19 шілдеде Лондондағы әйгілі "Уэмбли" стадионында өтеді. Бұл кездесу аса ауыр салмақ дәрежесіндегі барлық чемпиондық белбеулер үшін өтеді.
Жекпе-жекке тігілетін атақтар қатарында Александр Усикке тиесілі WBC, WBO, WBA және IBO белбеулері бар. Сонымен қатар Дюбуаның қолындағы IBF белбеуі де сарапқа салынады. Осылайша жеңімпаз абсолютті әлем чемпионы атағын иеленеді.
Еске салайық, Усик пен Дюбуа алғаш рет 2023 жылдың 26 тамызында кездесті. Ол жекпе-жекте украиналық боксшы өзінің қарсыласын тоғызыншы раундта нокаутпен жеңген еді.