U15 жас санатындағы ұлдар мен қыздар Азияның алтын медальдары үшін шаршы алаңға шықты. 70 келіден жоғары салмақта Қазақстан өкілі Нұрислам Ташмағанбет пен Өзбекстан боксшысы Ельшод Облакулов чемпиондық атақты сарапқа салды.
Алғашқы раундтан-ақ Нұрислам өзінің басымдығын анық көрсетті. Ол әртүрлі шабуылдар ұйымдастырып, белсенді қимылдады. Бір дәл соққысының нәтижесінде қарсыласы Ельшод Облакулов нокдаунға түсті. Бұл сәт Ташмағанбеттің үстемдігін айқын байқатты.
Екінші раундта да Нұрислам қарсыласынан әлдеқайда басым болды. Ол айқын артықшылықпен барлық төрешінің қолдауына ие болып, тағы да ұпай басымдығын сақтап қалды.
Соңғы раундта жекпе-жектің жалпы көрінісі өзгерген жоқ. Ташмағанбет қарсыласын толықтай басып озды және төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Осылайша ол Азия чемпионатының жаңа чемпионы атанды.