5 алтын! Қазақ боксшылары Азияны дүр сілкіндірді
Қазақстан U17 құрамасы 6 финалдық кездесудің 5-еуінде жеңіске жетті.
Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар керемет нәтиже көрсетті.
Бес алтын – бір жарыста!
World Boxing ұйымы аясында ұйымдастырылған 17 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия біріншілігінің финалында Қазақстан U17 құрамасы 6 финалдық кездесудің 5-еуінде жеңіске жетіп, бокс әлемінде тағы бір тарихи белесті бағындырды. Ерекше қуаныштысы — бұл жеңістердің екеуі өзбек боксшыларымен болған маңызды жекпе-жектерде тіркелді.
Өзбекстаннан реванш алынды
Жақында ғана U15 санатында өткен Азия чемпионатының финалында Қазақстан Өзбекстанға 3:4 есебімен есе жіберген болатын. Бұл жолы керісінше – "құрғақ есеппен" жеңіске жетті. 54 келіде Досжан Жұмахан Бобомурод Боймирзаевты айқын басымдықпен жеңсе, 70 келі салмақта Санжар Матасов Хуршидбек Жұраевқа еш мүмкіндік бермеді.
Алда – қыздардың финалы
Айта кетейік, ерлер жарысы мәресіне жетсе, қыздар арасындағы финалдық кездесулер енді басталуда. Бұл додада да қазақстандық боксшы қыздардан үлкен үміт күтілуде.