Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен өтетін мүмкін жекпе-жекке қатысты өз ойын бөлісті.
"Бәріміздің мақсатымыз — чемпион болу. Егер қарсылас ретінде Жәнібек түссе, мен дайынмын. Чемпион атансам, келесі қадам – абсолютті чемпиондық белбеу үшін айқас болады. Егер WBC чемпионы болсам, неге Әлімханұлымен жұдырықтаспасқа? Бұл — қазақ боксының деңгейін көрсететін жекпе-жек болар еді", — деді Мейірім "Бірінші Бол" YouTube арнасына берген сұхбатында.
Бұған дейін WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) Карлос Адамеске (24-1-1, 18 KO) Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 KO) міндетті жекпе-жек өткізуге тапсырма берген болатын. Бірақ сол сәтте Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) Адамеспен үш титул үшін келіссөз жүргізіп жатқаны туралы да ақпарат тараған еді.