Ғұсман Қырғызбаев: "Командадан қалып кеттім, бірақ 85%-ға дайынмын"

Редактор Penalty.kz
06.05.2025, 19:15

2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев ұзақ үзілістен кейін үлкен спортқа оралуға бел буды.

liter.kz

Қырғызбаев Олимпиададан кейін біраз уақыт тынығуға мәжбүр болғанын, тек қаңтарда жаттығуды бастағанын айтты:

“Команда сол уақытта қарқынын күшейтіп алған еді. Алғашқы күндері оларға ілесу қиын болды. Қазір өзімді 85%-ға дайынмын деп есептеймін. Астанадағы турнирде негізгі қарсыластарым — испаниялық Давид Гарсия Торне, сондай-ақ Моңғолия мен Ресей спортшылары оңайға соқпайды”, — дейді дзюдошы.

Қырғызбаев Париж Олимпиадасында жартылай финалда бразилиялық Вилиан Лимадан жеңіліп, финал жолдамасын қолдан жіберді. Бұл сәт спортшының жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз:

“Бұл өмір бойы есімде қалатын сәт. Қазір ойласам, олимпиада чемпионы болу мүмкіндігін жіберіп алдым”, — деп мойындады Қырғызбаев.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі 2025 жылғы 25 сәуірде Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлеріне ақшалай сыйақылар аударылғанын хабарлады. Қоланы жеңіп алғандар 75 мың доллар (шамамен 38,8 миллион теңге) көлемінде сыйақы алған.

“Олимпиададан кейін біз көлік, сыйлықтар және халықтың үлкен қолдауына ие болдық. Сондықтан сыйақыны күтпегендей болдық. Дегенмен, картаға ақша түскен кезде ерекше қуандым”, — деді спортшы.