Астанадағы Үлкен дулыға турниріне келген әйгілі бразилиялық дзюдошы Рафаэльа Силва домбыраны қолына алып, қазақ тілінде сәлем жолдады.
Астана Гранд Слэміне қатысуға келген Бразилия құрамасының дзюдошысы, Олимпиада чемпионы Рафаэльа Силва қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны шертіп көрді. Сонымен қатар, жанкүйерлерге қазақ тілінде жылы лебізін жолдады.
«Сәлем, Астана! Қош көрдік! Мен дайынмын! Рахмет», – деді спортшы қазақ тілінде.
Рафаэльа Силва – дзюдо спортындағы танымал есім. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында әйелдер арасында чемпион атанған. Қазіргі таңда елордада өтіп жатқан халықаралық жарыста 57 келі салмақ дәрежесінде басты фавориттердің бірі саналады. Турнир 9–11 мамыр аралығында өтеді.
Олимпиададан бөлек, Силва 2013 және 2022 жылдары өткен әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, Панамерика біріншілігінде бес мәрте алтын алған тәжірибелі спортшы.
2023 жылы Парижде өткен командалық сында Силва Бразилия құрамасы сапында қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Рафаэльа Силва былтыр Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасына қарсы командалық белдесуде Абиба Әбужақыновамен күрескен. Отандасымыздан 9 келі жоғары салмақта күресетін Силва сол сында басым түскен болатын.